ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жекеменшік балабақшадан шыққан өрттен 25 бала мен 7 қызметкер қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін, 13 желтоқсанда сағат 10.00 шамасында Жаңақорған ауданындағы Жаңаарық ауылында болған. Елді мекендегі жекеменшік балабақша шатырының ағаш конструкциясынан өрт шыққан.
«Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін 25 бала мен 7 қызметкер қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Сағат 10.29-да өрттің беті қайтарылып, сағат 10.37-да толық сөндірілген. Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінен 14 қызметкер 3 техникамен барды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Ведомство мәліметінше, департамент мамандарынан өзге ерікті өрт сөндіру құрылымы, аудандық полиция бөлімінен мамандар жұмыс атқарды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында кен орнында газға уланған екі күзетші көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.