19 шілде сағат 07:20-да Қызылорда қаласы Ы.Алтынсарин көшесінде орналасқан «Пумба» балалар ойын-сауық орталығында жарылыс болып, ғимараттың 200 шаршы метрлік бірінші қабаты өртенді.
Оқиға орнына жедел жеткен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалының қызметкерлері, газ қызметінің авариялық-диспетчерлік бригадасының мамандары «Пумба» кафесін және осы ғимаратқа жақын тұрған үйді газдан ажыратты.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ басшылығына, техникалық қызметтер мен ТЖД, Қызылорда қаласының ІІД-не бірден хабар берілді. Жарылыс толқыны салдарынан жақын орналасқан ағаш сарай мен көрші үйдің терезелері бүлінген. 8 сағат 15 минутта өрт толығымен сөндірілді.
Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің себебін мамандар анықтап жатыр. Тергеу жүргізілуде.