Қызылордада балаларды оңалту орталығының филиалы ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қызылордада Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Республикалық балаларды оңалту орталығының» филиалы ашылды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Айта кету керек, бұған дейін мұндай оңалту-сауықтыру орталықтары облыс аумағында болмаған. Аталған медициналық мекеме 50 төсектік неврологиялық ақаулы мүгедек балалар емделетін болады. Барлық жағдайы жасалған. Заманауи қондырғылармен жабдықталған», - делінген хабарламада.

Филиалды ашуға облыста мүгедек балалар санының өсуі себеп болды. Соңғы 5 жылда өңірдегі мүгедек балалар саны 1,1 есеге өсіп, ол 2560 баланы құраған. Оның ішінде 460 бала сал ауруына шалдыққан. Ал филиал ашылуының арқасында мүмкіндігі шектеулі балаларға жылына 2 реттен ем алуға жағдай жасалды. Жаңадан 50 жұмыс орны ашылды.

Орталықты ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Парламенттің бір топ депутаттары қатысты. Аймақ басшысы орталыққа музыкалық-акустикалық аппарат тарту етті.