Қызылордада балдырғандар үшін екі балабақша есіктерін айқара ашты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазалы ауданында «Нұрай» жеке балабақшасы пайдалануға берілді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап.

Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қатысып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісті. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында пайдалануға берілген балабақшада 75 бала тәрбиеленетін болады. Екі қабатты ғимаратта жас өрендердің  тәрбие мен білім алуына қажетті жағдайдың  барлығы бар. Мектепке дейінгі білім беру нысанының құрылысына 75 млн. теңге  қаржы жұмсалған.

Айта кетейік, осы күні Қазалы ауданында 27 балабақша, 32 шағын орталық, барлығы 59 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасап тұр. 3-6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылған.

Бүгін сондай-ақ, Шиелі ауданында күрделі жөндеуден өткен "Жадыра" балабақшасы қайта пайдалануға берілді. Балабақшаның күрделі жұмыстарына аудандық бюджеттен 133 млн. теңге қаржы бөлінді. Балабақшаның  ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Қ. Сәрсенбаев тәрбиешілер мен ата-аналарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. 

Ауданда бүгінгі күні 17 мемлекеттік, 49 жеке балабақша, 48 шағын орталық жұмыс жасайды. Шиелінің 3-6 жастағы балалары мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтылған.