ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында балық аулауға шыққан екі азаматтың қайығы аударылып, өздері суға кетті. Оқиғалар Арал және Жаңақорған аудандарында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңақорған ауданы аумағындағы №24 теміржол бекеті аумағындағы Қаракөл көлінде 35 жастағы азаматтың қайығы аударылды. Соның салдарынан ол суға батып кетті. Денесі тұрғындардың көмегімен жағаға шығарылды.
Осыған ұқсас жағдай Арал ауданы Қарашалаң елді мекені аумағында да болды. Ол ауыл аумағындағы көлде қайықтан құлап, суға кетті. Оның денесін де тұрғындар жағаға алып шықты.
«Балық аулауға шыққандар көп жағдайды сақтық шараларын ұмытып кетіп жатады. Бұл орны толмас оқыс оқиғаларға алып келеді. Қазір бұдан бұрын суға кеткен 5 адамның денесі табылмай жатыр. Жұртшылықтан сақтық шараларын қатаң сақтауын сұраймыз», - деді Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі ММ бастығының орынбасары, жедел-құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов.
Бұдан бұрын Арал теңізінде екі балықшы суға кетіп, көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.