ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында балық аулауға шыққан 55 жастағы тұрғын дарияға суға кетіп қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қазалы ауданына қарасты Басықара ауылдық округіне қарасты Ә. Тыныбаев атындағы каналдан 5 шақырымдай жоғары бөліктегі дария бойында болды. Жергілікті төтенше жағдайлар бөліміне түскен хабарламада балық аулауға шыққан 55 жастағы тұрғынның суға кетіп қаза болғаны айтылған.
«Іздестіру жұмыстарына мамандандырылған №3 өрт сөндіру, аудандық төтенше жағдайлар, аудандық полиция бөлімдерінен 7 қызметкер мен 3 техника тартылды. Оған ауылдың 20-ға жуық тұрғыны да қатысты», - деп мәлім етті Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев.
Балық аулауға шыққан азаматтың мәйіті суға батқан жерінен 10 метрдей қашықтықтан табылды.
Бұдан бұрын Қызылордада дарияға батып кеткен 13 жасар қыздың мәйіті табылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.