ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүкен ішінде орналасқан банк терминалының бірін арнайы құрылғымен кесіп жатқан екі адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Жалағаш кентіндегі дүкеннің ішінде болған. Аудандық полиция бөліміне түнгі сағат 3.30 шамасында сауда орнында белгісіз берулердің жүргендігі туралы хабарланған.
Полицейлер оқиға орнына дереу жетті. Онда банк терминалының бірін арнайы құрылғымен кесіп жатқан екі адамды ұстады. Олардың аудан орталығында тұратын 34 және 42 жастағы тұрғындар екені анықталды.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға орнынан заттай дәлел ретінде қылмыс құралдары алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3 бөлігі, 188-3 баптың 3 бөлігіне сәйкес (Ұрлыққа оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.