Қызылордада баспасөз хатшыларына арналған семинар-тренинг болды
Оны облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Семинар-тренингте облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айдын Қайруллаев, Қорқыт ата университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланысты нығайту мәселелері жайлы әңгімелеп берді. Қазіргі таңда облыста 82 БАҚ тіркелген болса, солардың 75-і газет-журналдар болып отыр. Ал хабарды жылдам беретін электронды, жүйелі БАҚ-тардың өз артықшылықтары бар. Бұған мысал ретінде «Кызылорда-ньюс.кз» интернет-газеті ауызға алынды.
Қоғамда саяси, экономикалық, әлеуметтік көзқарастарды қалыптастыруда кез келген ақпараттың шынайы әрі тез берілуі маңызды. Бүгінгі ақпараттық-технологиялық кезең кез келген мекеменің ақпараттық-имидждік саясатқа баса мән беруін талап етеді. Біз өмір сүріп жатқан дәуірде қолайлы қоғамдық пікір туғызу арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Сондықтан ірі компаниялар тұтастай қоғаммен байланыс жасайтын бөлімдердің жұмысына айрықша мән беріп отыр. Алайда, мемлекеттік мекемелерде баспасөз хатшылығын бір маманның функционалдық міндетіне қосып беру деректері көптеп кездеседі.
Семинар-тренингтің екінші бөлімінде баспасөз парақшалары мен баспасөз мәслихатын қалай дайындау керектігі, турлар ұйымдастыру туралы кеңестер берілді.