Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Ол Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Сыр елінен алғашқы болып шыққан атақты дирижер Төлепберген Әбдірашовты еске алуға арналды.
Мәдени шара барысында Қызылорда облыстық филармониясы камералық оркестрі көпшілікке концерт ұсынды.
Төлепберген Әбдірашев 1948 жылдың 26 шілдесінде Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында дүниеге келген. Өнегелі өмір жолында 1995 жылы Қазақстанның халық артисі атағына ие болды. 1974 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген ол 1979 жылы Мәскеу консерваториясын тәмамдады. 1979-82 жылдарда Алматыда Қазақ симфониялық оркестрінің дирижері, 1985-87 жылдарда Қазақ опера және балет театрының бас дирижері болды. 1987 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ опера және балет театрының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметін атқарды.
Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал дирижер Мүсілім Әмзе дирижерлік етті. Концертте ұлы ақын Абай Құнанбаев пен Қазақстанның халық артисі Ғазиза Жұбанова, танымал классикалық композитор Вольфганг Моцарт пен басқа да әлемдік классика шеберлерінің шығармалары орындалды.