ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада белгілі кәсіпкер Тынымбай Баженов екі күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәлім болғанындай, 71 жастағы азамат 15 ақпанда таңғы сағат 05.00 шамасында дария бойында жүгіруге шығып, содан бері үйіне қайта оралмаған.
«Аталған дерек Қызылорда қалалық Полиция басқармасында тіркелді. Қазір жедел іздестіру шаралары жүргізілуде» деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Із-түзсіз кеткен азаматты іздестіру шараларына облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлері және «Волонтеры Қызылорда» еріктілер тобы қатысуда. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.