Бекайдар Жүсіпов 1920 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Кеңес армиясы қатарына қабылданып, 1941 жылы әскери-саяси училищесін тәмәмдайды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 950 атқыштар полкі ротасының саяси жетекшісі болады. 1942 жылы ауыр жараланып, елге оралысымен еңбек жолын Қызылорда қалалық партия комитетінің іс жүргізушілігінен бастайды. Мұнан кейін Алматы, Талдықорған облыстық прокуратураларында жауапты қызмет атқарады. 1947-1950 жылдар аралығында Қазақ ҚСР прокурорының бірінші орынбасары, 1962-1970 жылдары Қазақ ҚСР Жоғарғы Сотының Төрағасы болады. 1970 жылдан бастап 1984 жылға дейін Қазақ ҚСР Әділет министрі болады.
Еліне аянбай еңбек еткен аяулы азаматтың есімі қаладағы жаңадан бой көтерген сәулетті аудан Астана даңғылы қилысындағы көшеге аты беріліп, ескерткіш тақтасы орнатылды.
Басқосуда облыстық сот төрағасы Марат Сабырбаев жиналған қауымға Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, заң саласына елеулі үлес қосқан азамат туралы сөз толғады. Сот саласының ардагері Жақсылық Аяпбергенов Қазақ ҚСР «Еңбек сіңірген заңгерінің» кісілік келбеті мен парасат-пайымын тебірене әңгімеледі. Соңынан аруақтар рухына құран бағышталып, ас берілді.