Қызылордада бильярдтан ел біріншілігі басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Кеше Қызылорда қаласында бильярдтан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.

 Биыл 35-інші мәрте өтіп отырған тастаяқшылар додасына 84 үміткер қатысуда.

Сыр өңірінде бірінші рет жалауын көтеріп отырған бұл сайысты өткізуге ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті, ҚР Бильярд спорты федерациясы, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық бильярд спорты федерациясы бастамашы болды. Жарысқа «Селена Star», «Сыр арасан» және «Кең дала» кешені демеушілік жасады.

Жарысты облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев пен облыстық бильярд спорты федерациясының президенті Аралбай Қозбақов құттықтау сөзбен ашып, спортшыларға жеңіс тіледі. ҚР Бильярд спорты федерациясының бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Райымжан Бузурходжаев жарыс ережесімен таныстырды.

Чемпионат 27 қаңтар күні мәреге жетеді.