ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында бір айға жуық уақыт бұрын жоғалып кеткен 72 жастағы қарияның мәйіті далалық жерден табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, Қызылорда қаласында тұратын қария 19 ақпанда үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен .
Содан бері үйіне қайта оралмаған.
Осыған байланысты Қызылорда қалалық полиция басқармасы іздеу жариялады. Бір айға жуық уақыт бойы қарияны іздестіру жұмысы тоқтаған жоқ.
«Оған қалалық полиция басқармасының бүкіл жеке құрамы, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдайлар департаменті, жүздеген еріктілер тобы және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Iздеуге арнайы техника қатыстырылды. 17 наурыз күні сағат 10:40 шамасында қаладан бірнеше шақырым жердегі далалық аймақтағы шеңгел арасынан жоғалған қарияның денесі табылды. Денесінде көзге көрінетін зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды. Сараптама тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.