Қызылордада бір көшеге генерал Есен Демесіновтің есімі берілді
11:52, 28 Маусым 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Сыр бойының бас қаласындағы көрікті көшелердің бірі бұдан былай милиция генерал-майоры Есен Демесіновтің есімімен аталады.
Қызылорда қаласында осы оқиға мен мемориалдық тақта ашылуына байланысты салтанатты рәсім болды.
Саналы ғұмырының отыз жылдан астам уақытын құқық қорғау органдарында қызмет етуге арнаған Е.Демесінов қатардағы қарапайым жедел уәкілден ішкі істер басқармасының бастығы деңгейіне дейін көтерілді. Ол бұл саладағы қызметін Жамбыл және Қызылорда облыстарында өткізді. Соның ішінде Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасын 12 жыл басқарған ол аймақта осы саладағы генерал дәрежесіне жеткен бірінші және әзірге соңғы басшы болып отыр.