ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары бір тәуліктің ішінде балық аулау қағидасын бұзған 10 адамды қолға түсірді. Олардан 100 келіден астам балық тәркіленіп алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш инспекцияның Арал ауданындағы мамандары бұл бағытта нақты істерді жүргізіп келеді. Балық аулау қағидаларының орындалу барысын қадағалайды. Өткен жылы осындай талаптарды орындамаған 384 дерек тіркелген. Үстіміздегі жылдың 5 айында ол 178 деректі құрап отыр.
«Тыйым салынған уақытта рұқсат етілмеген аумақтан балық аулағандар жазаға тартылады. Оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Біздің техникамызды жаңартуға көңіл бөлсе дейміз. теңізге лайықты қайықтар болғаны дұрыс», - деді облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Есенбай Есіркепов.
Мамандардың айтуынша, сәуір мен маусым айының 10-на дейінгі аралық балықтың уылдырық шашатын мезгілі болғандықтан бұл кезеңде олар ерекше қорғауға алынады. Дегенмен, осы уақыт аралығында мамандар 42 заңсыз деректі тіркеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.