Қызылордада бір отбасыдан 4 адам коронавирус жұқтырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бір отбасында төрт адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қызылорда облысында қатерлі дертті жұқтырудың 7 жағдайы тіркелді. Олардың 5-еуі Қызылорда қаласында тұратын болса, қалған екеуі Қармақшы және Жалағаш аудандарының тұрғындары болып отыр.

«ПТР талдаулары 2 адамнан соматикалық аурулар бойынша ауруханаға жатар алдындағы тексеру кезінде алынған. Ал 4 адамнан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандығы себепті алынған, Тағы 1 адам профилактикалық мақсатта өздігінен ақылы негізде анализ тапсырған. Талдау нәтижелері коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсетті. 1 адамнан коронавирустың белгісі байқалса, 6 жағдай клиникалық белгісінсіз тіркеліп отыр. Науқастармен байланыста болған адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, науқастардың арасындағы жасы ең үлкені 74 жастағы адам болса, ең кішісі қашықтықта оқитын бала. Олардың ішінде 4-і бір отбасында тұрады.

Қызылорда облысында қазірге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 3321 адам тіркелген. Оның ішінде 3276 адам жазылып шықты.

Cондай-ақ, Қызылордада бұдан бұрын он күнде үш оқушы коронавирус жұқтырған болатын.