Қызылордада «Бір түп алма ағашы» пьесасы аншлагпен өтті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -Қызылордадағы Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасының премьерасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.


Драма аншлагпен өтті. Қойылымды тұрып тамашалаған көрермендер де болды. Спектакльді жас режиссер Ақтөре Оразалы қойды.

Бұл спектакль - өмірдің нақ өзі! Өмірдің алуан-алуан қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние. Бүгінгі қоғамдағы боямасыз шындық - ағайындар арасындағы алауыздық. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспауы - зор қасірет! Психологиялық драманың мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар, туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыздың бар екенін паш етеді.
 

Отбасы тақырыбы - мәңгілік тақырыптардың бірі. Театр сахнасында жастарға үлгі боларлық, мәні бар шығармаларды қою қажеттіліктен туындап отыр. Осындай маңызы зор дүниелерден жастар сабақ алуы қажет. Ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген мақсатта «Бір түп алма ағашы» драмасы көрерменге ұсынылды.

Қойылымның шешуші сәттерінде көрермендер көздеріне жас алды. Шынайы бейнені сахналаған өнер майталмандарын зор ықыласқа бөлеп, қол-қошеметпен алғыстарын білдірді.