ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жергілікті жұртқа жедел түрде үй алып беремін деген уәде берген қызылордалық тұрғын сотты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол жәбірленушілер сеніміне әбден кірген. Өзін жедел түрде үй алып беруге көмектесетіндігін айтқан. Бұл мақсатта кем дегенде 700 мың теңгені алған. Жәбірленушілер арасында 3,5 млн теңгесін оған санап бергендер де кездеседі. Олардың берген ақшасын өзінің жеке мақсатына жұмсап жіберген.
«Сот үкімімен сотталушы К. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Жұлдыз Жәкеева.
Сот тарапынан оған азаматтық талапты жәбірленушілерге өз еркімен орындау үшін жауапкерге бір ай мерзім белгіленгендігі ескертілді. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот актісі азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындалатындығы айтылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.