ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биылғы 8 айда 247 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 91 адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған уақытта республикалық маңызы бар Самара-Шымкент автожолының бойында барлығы 68 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның басым бөлігі Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына қарай бағыттағы екінші техникалық санаттағы жолда болған.
«Жол бойында қараусыз қалған сиыр, жылқылар жол бойына шығып кетеді. Бұл жол-көлік оқиғаларын азайтпай тұр. Бірнеше күн бұрын Қармақшы ауданының тұсында жол үстінде ұйықтап кеткен жүргізушінің әрекетінен оқыс оқиға тіркеліп, бірнеше азамат көз жұмды», - деп мәлім етті облыс әкімдігінен.
Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан қала, аудандардағы иесіз жүрген малдарға қатысты қадағалау, патрульдік нарядтардың жұмысын қайта жолға қою жөнінде тапсырма берілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жол апатынан 5 адам көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.