12:32, 28 Қазан 2013
Қызылордада бизнес тақырыбында үш күндік семинар-тренинг болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қызылордада «Қазақстанда өз бизнесіңді қалай ашуға болады?» тақырыбында 3 күндік тегін семинар-тренинг өтті. Бұл туралы «Даму» қорының облыстық филиалынан хабарлады.
Тренинг «Даму» қорының қолдауымен 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға арналған «Бизнес-Насихат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Алматы қаласынан «JK-GROUP» компаниясының білікті тренерлері Ғалым Жұқұпбаев пен Мәлік Мұсабеков осы семинар-тренингті өткізуге арнайы шақыртылды. Қызылорда облысының жастары Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысудың қыр-сырын жете үйренді. Семинар барысында кәсіпкерліктің психологиясы, маркетинг, бизнес-жоспарды жасау және іскерліктің заңды бағдарлары тақырыптары кеңінен қозғалды. Семинар-тренингті өткізудегі негізгі мақсат Қазақстандағы жұмыссыз жастардың санын кәсіпкерлікке тарту есебінен азайту болып табылады. Тегін түрде өтетін оқыту семинарлары еліміздің кәсіпкерлікке бет бұрған жастарын бизнесті сауатты жүргізуге үйрететін маңызды мүмкіндік болып табылады.