ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында бүгін шаңырақ көтерген жас жұбайлар дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласында тұратын Әлібай Сапар мен Әйгерім Шахмарданова бүгін шаңырақ көтерді. Өздерінің өміріндегі елеулі күннің еліміз үшін маңызды саяси шарамен тұспа-тұс келгенін олар жақсылыққа балайды.
«Біз отбасылық өмірге енді қадам басып жатқан жастармыз. Елімізде болып жатқан референдумнан қалып қалмау мақсатында бүгін дауыс беру учаскесіне арнайы келдік», - деді Әлібай Сапар.
Ол облыс орталығындағы №101 мектепте дене шынықтыру пәнінен ұстаздық етсе, Әйгерім Шахмарданова аталған білім ордасында ағылшын пәнінен білім береді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 101 жастағы майдангер алғашқы болып дауыс берді.
Ал, бүгін 18 жасқа толған қызылордалық дауыс беруге алғаш қатысты.
Сондай-ақ, Қызылордада шекара бекетіндегі әскери мамандар толықтай дауыс берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.