ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында бюджет қаражатын иемдену және ысырап ету дерегі бойынша 12,6 млн теңгені қолды еткен бухгалтер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысының прокуратурасы білім беру ұйымдарының қызметіне тексеру жүргізді. Аталған шара барысында бюджет қаражатын иемдену және ысырап ету дерегін анықтады.
«Қызылорда қаласындағы орта мектептің бірінің бухгалтері 12,6 млн теңге көлемінде ақшалай қаражатты иемденген. Оған қатысты облыс прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, іс сотқа жолданды. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 5 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы 543 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.