Пандемия кезеңінде облыста 5 миллион қаптама көлемінде медициналық препараттар сатып алынды. Олардың қатарында қызуды түсіретін, антибиотик, вирусқа қарсы, иммуностимулятор, медициналық бұйым, инъекциялық препараттар бар. Алдағы уақытта 56 миллион теңгеге тағы да дәрі-дәрмек алынады.
Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті өңірлердегі көтерме дистрибьюторлар мен дәріханаларда сұранысқа ие дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдарының толық қамтылуына тұрақты мониторинг жүргізуде. Биылғы жылдың 15 шілдесі мен 9 желтоқсаны аралығында көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларда дәрі-дәриектер қоры көбейді. Атап айтқанда, антибиотиктер - 2,2, вирусқа қарсы препараттар - 2,3, антикоагулянттар - 2,4, ыстықты түсіретін препараттар - 3,7, медициналық маскалар - 1,5 есеге артты.
«Мониторинг нәтижесінде 159 астам дәріхана қамтылып, шекті бағадан қымбат сатылған дәрі-дәрмектердің 72 атауы анықталды. Көрсетілген кезеңде оларға 5,2 млн. теңге айыппұл салынды. Шекті бағадан асып кетудің 33, дәрі-дәрмектерді заңсыз өткізудің 17 дерегі анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 91 хаттама толтырылып, 7,9 млн. теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 448 атаудағы дәрі мен 36 атаудағы медицина бұйымы алынды», - деді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Өңірде 10 фармацевтикалық ұйым несие алды. Олардың 5-уі ауданда болса, 5-уі қалада орналасқан. Сонымен қатар, оған 13 фармацевтикалық ұйым құжатын жинақтауда.
Естеріңізге сала кетелік, 11 желтоқсаннан бастап Қызылорда облысында карантин талаптары жеңілдетіледі.