ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық дәрігерлер телефон жұтып қойған ер адамды құтқарып қалды. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство мәліметінше, облыстық көпсалалы ауруханаға ішкі жүйелері ауырсынған ер адам келген. Науқас дәрігерлерге бірнеше сағат бұрын ұялы телефон жұтып қойғанын айтқан.
Аурухана мамандары аталған адамның ішкі жүйесін рентген аппаратына түсіріп, шұғыл зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде онда ұялы телефон және тырнақ секілді бөтен заттардың бар екені анықталды.
«Телефонда орналасқан батерея адам ағзасына зиян тигізуі мүмкін. Мамандар кеңесінен кейін эндоскоптың көмегімен аталған заттар сәтті шығарылды. Эндоскопия - бұл аспаптық диагностиканың заманауи жоғары ақпараттық әдісі. Ол скальпельге жүгінбей, қуыс мүшелердің ішіне қарауға мүмкіндік береді. Бұл манипуляцияны эндоскопист Айбек Ақбаев жоғары деңгейде атқарып шықты», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.