ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданы тұсында Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеті жарылып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соның салдарынан дарияның ескі арнасынан су ақты. Аталмыш оқиға бойынша Қазалы ауданы әкімінің төрағалығымен шұғыл түрде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
«Комиссия отырысы барысында атқарылатын жұмыстардың көлемі нақтыланды. Тиісті сала басшыларына міндеттер жүктелді. Осының нәтижесінде азаматтық қорғау құрылымдарының жеке құрамы мен техникалары оқиға орнына тартылып, қалпына келтіру жұмыстары басталды», - деп хабарлайды Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Бұған 150 адам, 31 арнайы техника жұмылдырылған.
Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттері Қызылорда облысы басшылығы тарапынан қатаң бақылауға алынған. Тиісті сала басшылары өзен бойындағы жағдайды жіті бақылап отыр.
Осыған дейін Қызылордада балық аулауға шығып адасқандар құтқарылғандығы хабарланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.