ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында екі күн бұрын дарияға суға батып кеткен 13 жастағы қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 18 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 8.43-те тіркелген. Достарымен бірге серуенге шыққан қыз бала облыс орталығының туберкулез ауруханасы аумағындағы дария бойында суға түскен. Сол сәтте суға батып кеткен.
Іздестіру жұмысына облыстық төтенше жағдайлар саласының мамандары тартылды.
Қыз баланың мәйіті бүгін, 20 шілдеде жергілікті уақытпен 7.40-та табылды.
«Қыздың денесі оқиға орнынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Талсуат ауылы тұсындағы дарияда қалқып жүрген жерінен жағаға шығарылды», - мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.