ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында дарияға көлігімен түсіп кеткен жігіттің мәйіті сыртқа шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, бүгін, 29 қарашада сағат 03:54 шамасында облыс орталығындағы «Рисмаш» аумағында екі адам «Daewoo Nexia» маркалы көлікпен Сырдарияға түсіп кеткен.
Оның біреуі - 1994 жылғы азамат өз күшімен жағаға шыққан. Екіншісі көлік ішінде қалып қойған.
Көлік ішінде қалып қойған 27 жастағы азаматты іздестіруге жедел-құтқару жасағынан 1 техникамен 5 адам барды.
«Құтқарушылар 04.20-да су асты іздестіру жұмыстарын бастады. Сағат 09:22-де автокөлік сыртқа шығарылды. Оның ішінен 1994 жылғы жүргізушінің денесі шығарылып, туыстарына тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.