ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына демеушілер көмегімен 10 ағынды оттегі терапиясы аппараты табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының материалдық базасы жақсара түсті. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының қолдауымен емдеу орнына ағынды оттегі терапиясы аппараты табысталды.
Жаңа 10 медициналық құрылғы Гонконг елінен жеткізілген. Оған компания қаржысы есебінен 24,5 млн теңге жұмсалған.
Жаңа аппараттар коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының сұранысына сәйкес жеткізілген. Қазіргі таңда «Ұлттық орталық кардиохирургия орталығы» АҚ мамандары аталған аппараттарды тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарға қолдануды ұсынып отыр.
Айта кетейік, осыған дейін аталған компания Қазалы ауданаралық ауруханасына оттегі станциясын орнатуға 58 миллион теңге бөлген болатын.
Еске салсақ, Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған 89 адамның жағдайы өте ауыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.