ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада дәрігерлер денесінің 65-70 пайызын күйік шалған 7 жастағы балаға ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне денесінің 65-70 пайызын күйік шалған 7 жастағы бала түскен. Газға күйіп қалған жеткіншектің жағдайы өте ауыр болған.
«Оған тез арада мамандандырылған медициналық көмек қажет болды. Баланың күйігі терең, көлемі үлкен еді. Ота жасайтын аймаққа тері жетіспейтіні анықталды. Осыған байланысты Астана қалалық №2 балалар ауруханасынан комбустиолог дәрігер Б. Сағидолла шақыртылды. Ол баланың күйікті жарасының біршама бөлігіне аутодермапластика отасын жасады. Отаға көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері де қатысып, біліктілігін арттырды. Отаның екінші кезеңі енді 10 күннен соң жасалады деп жоспарлануда», - деп мәлімдеді Қызылорда көпбейінді облыстық балалар ауруханасынан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.