ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында қант диабеті ауруына байланысты рецепті бойынша тегін берілетін «Виктоза» дәрісінің 35 қорабын осы диагнозбен науқас аудандық амбулаториялық емхананың дәрігері өзі негізсіз алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Виктоза»дәрісі қымбат тұрады. Оның бір қорабының бағасы 45 мың теңге шамасында. Бұл дәрінің 35 қорабын аудандық амбулаториялық емхананың дәрігері негізсіз алған. Нәтижесінде 5 адам қажетті дәріге қол жеткізе алмаған. Алайда, бір науқас үшін жылына «Виктоза» препаратының 18 қорабын ғана қолдануға рұқсат берілген.
«Аталған дерек аудандық полиция бөліміне тергеп-тексеру үшін жүктеліп, осыған жол берген кінәлі медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осыған орай, прокуратураның ықпалымен емхананың дәрігеріне берілген 10 қорап дәрі кері қайтарылды. Ол дәрілер қант диабеті бар 5 науқасқа толық таратылып берілді», - деді Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.