Қызылордада діни экстремизм мәселесі талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Қызылордада діни қатынастар саласындағы ақпараттық саясат тақырыбында кеңес өтті.

Оны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Жиынды жүргізген басқарманың бастығы Нұрхан Жәлиев, халықаралық экстремизм діни бірлестіктер тарапынан туындайтын діни ортадағы кертартпа үрдістер Қазақстанның ұлттық мүддесіне де қауіп төндіретінін атап өтті.

Аталмыш бірлестіктердің мемлекет аумағында терең орнығып алып, тұрғындардың идеологиялық көзқарастарына кері әсер етуге ұмтылатыны белгілі. Радикализм, фундаментализм және діни экстремизм секілді ұғымдар тек ислам дініне ғана емес, сонымен қатар басқа діндерге де тән. Ал миссионерлер әдетте өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін өмірлік танымдары толық қалыптаспаған жастарға көбірек назар аударады. Сондықтан жас толқынды осындай ұйымдардың шабуылынан қорғайтын уақыт жетті.

Жиынға қатысушылар бұл күресте бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметінің зор екенін тілге тиек етті. Осы мақсатта облыста жақында журналистердің арнайы тобы құрылды. Оған дін тақырыбында қалам тербеп жүрген тілшілер енгізілді.

Кеңес соңында қаулы қабылданды.