ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында қызметтік міндетін атқару барысында жолаушыларға дөрекі мінез көрсеткен жергілікті полиция қызметкерлері тиісті жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты «Арал-шеп» бекетінде болған. Полиция қызметкерлері көлікті негізсіз тоқтатып, жолаушыларға дөрекі мінез көрсеткен. Ол туралы әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Бұл оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізілгенін хабарлады.
«Болған оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде 1 қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды. Ал тағы 2 қызметкер қызметіне толық сай еместігі анықталып, олар тәртіптік жазаға тартылды», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.