Қызылордада дүкен ұрлығын кәсіп еткен қарақшылық топ ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында дүкендерді тонауды кәсіп еткен қарақшылық топ қолға түсті, деп хабарлады ОІІД баспасөз қызметінен.

ІІД хабарлауынша, Қызылорда қаласында орналасқан «Ломбард» ЖШС мекемесінің қызметкері «102» қызметіне наурыз айының 4-нен 5-не қараған түні белгісіз біреулердің осы мекеменің терезе торын майыстыру арқылы кіріп, кепілде жатқан 6 дана құндыз тонды, 2 дана ұялы телефон және 1 дана теледидар ұрлағандығын хабарлаған.

Бірнеше күннен кейін тағы бір жәбірленушіден облыс орталығында орналасқан теле-радио шеберханасынан белгісіз біреулердің автокөлікке арналған жалпы құны 2 млн. 131 мың 500 теңге тұратын әртүрлі радиолар мен магнитолаларды ұрлағаны жөнінде шағым түседі.

Осы қылмыстарға байланысты Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы мен қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жедел түрде жұмыс тобы құрылып, ҚІІБ-ның КПБ бастығы, полиция майоры Әзиз Шағыров пен аға жедел уәкіл, полиция капитаны Бағдат Нұрымбетовтің кәсіби шеберлігі мен қырағылығының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 21 мен 25 жас шамасындағы 4 қала тұрғыны құрықталып, ҚІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Алдын-ала тергеу барысында күдіктілердің басқа да әр түрлі 14 дүкен ұрлығына тікелей қатыстары бар екендіктері анықталды. 16 дүкенде орын алған ұрлықтардың жалпы шығын сомасы 5 млн. теңгеден астам, олардың 70 пайызы өз иелеріне қайтарылды.

Қазіргі таңда Қызылорда ҚІІБ тергеу бөлімі сезікті азаматтардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады, тергеу амалдары жүргізілуде.