Қызылордада екі жігіт суға батып кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 22 және 23 жастағы екі жігіт суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға «ПМК-29» саяжай аумағындағы Қалғандария көлінде болған. Екі жігіт 17 шілдеде кешке сағат 21.10 шамасында рұқсат етілмеген аумақта суға шомылған.

«Қазір олардың денесі іздестіріліп жатыр. Оған облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 22 маман жұмылдырылды. Мамандар 5 техника мен 3 қайықты пайдалануда. Оқиға орнына облыстық полиция департаментінің мамандары да келді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері.