Қызылордада Есет батырдың 350 жылдығы тойланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Есет батырдың 350 жылдық мерейтойы өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалағаш ауданында  Есет батыр ауылында  батыр қолбасшы, өз заманында қазақ халқын жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танымал болған  батырдың өмірінен сыр шертетін  «Ел қорғаны - Есет батыр» атты сахналық қойылым қойылды.

 

Сонымен қатар, Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына арналған ұлттық  спорт (қол күресі, гір көтеру, қазақ күресі) түрлерінен жарыстар өтті. Мереке Соңы аудандық Мәдениет үйінінің көркем  өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. 

 

Ауданда Есет батыр бабамыздың 350 жылдық мерейтойымен қатар «Алтын дән 2017» мерекесі  қоса аталып өтті. Табыс пен еңбек  мерекесінде  тұрғындарды Жалағаш ауданының әкімі  Талғат Дүйсебаев құттықтады. 

 

Алтын дән мерекесін аудан дихандары мен еңбеккерлері  лайықты табыспен  қарсы алып отыр. Биылғы жылы аудан бойынша 35 448 гектар ауылшаруашылығы дақылдары, оның ішінде 22 465 гектар күріш егілді.

 

Биыл диханшылар күріштің әрбір гектарынан 57- 60 центтен  өнім алынып,  жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Осындай жетістікке ауданның ауылшаруашылығы саласы мамандарының қосқан үлесі зор. Күріш дақылдарынан басқа бау-бақша өнімдері мен мал азығын дайындады. 

 

Аудан еңбеккерлерін жаз бойы тынымсыз атқарған жұмысының нәтижесінде  еңбек озаттарын «Озат егін шаруашылығы» , «Озат  шаруа қожалығы», «Озат бригадир», «Озат жатка машинисі», «Озат  комбайншы», «Озат күріш өсіруші», «Озат тасымалдаушы», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат бағбан», «Озат бақша өсіруші», аудан шаруашылықтарының егісін уақытылы сумен қамтамасыз ету қызметін сапалы атқарғаны үшін «Озат су маманы»,  ауыл шаруашылығы саласын ақпараттандырып, аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына ықпал жасағаны үшін «Озат газет тілшісі», ауыл еңбеккерлерінің биылғы  жылы тыныс тіршілігін, игі істерін телеарнада ұдайы жариялануын қамтамасыз еткені үшін «Озат телеарна тілшісі» номинацияларымен, сонымен қатар аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтары табыс етілді.