ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында үй ауласында ойнап жүрген үш жасар бала жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті полиция бөліміне аудан тұрғынынан үш жасар баласы жоғалып кеткені жөнінде хабар келіп түсті. Ол үй ауласында ойнап жүрген. Хабарлама бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы дереу құлақтандырылды. Оларға жоғалған баланың сыртқы сипаты туралы мәлімет берілді. Нәтижесінде іздестіру жұмыстары қолға алынды.
«Есік алдында ойнап жүріп, жоғалып кеткен сәбиді табу оңайға соққан жоқ. Десе де полиция қызметкерлерінің қырағылығының нәтижесінде сәби теміржол вокзалы аумағынан аман-есен табылды. Ол ата-анасына тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл орайда полиция капитаны Ғалымжан Аманов пен полиция аға лейтенанты Ақмаржан Абдулхайырованың еңбегі зор. Сәбидің ата-анасы оларға алғыс білдірді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.