ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жеңіл көлікті тасымалдап бара жатқан «ГАЗель» эвакуаторы мен жүк көлігі соқтығысып қалды. Салдарынан «ГАЗель» жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға Қармақшы ауданы Ақжар елді мекені тұсындағы республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тасжолының бойында орын алған. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде
«Онда көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі мен көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.