Қызылордада «Ежелгі және ортағасырлық Сыр өркениеттері» атты конференция өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Ежелгі және ортағасырлық Сыр өркениеттері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бұл туралы университет баспасөз қызметінен хабарлады.

Конференцияға университет оқытушы-профессорлары мен студенттер, магистранттар қатысты. Жиында университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов «Алаштың анасы» атанған Сыр бойының ежелден қалған тарихи-мәдени мұраларының зерттелу мәселелеріне арналып отырған конференцияның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап өтті. «Жастарды Отанын сүйетін, туған топырағының қадір-қасиетін бағалайтын, тарихи мұраларын қастерлей білетін тұлға ретінде қалыптастыру - біздің мақсатымыз», - деді ректор.

Конференция барысында Ресей Ғылым Академиясы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының «Еуразия археологиясы» орталығының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Аржанцева, Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінің Новосібір «Геология және минералогия» институтының аға ғылыми қызметкері Сергей Кривоногов, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәйден Жолдасбаев, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Дархан Байтілеу, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, осы орталықтың ғылыми қызметкері Жайна Сыдықовалар баяндама жасап, өркениеттер ордасы болған Сыр өңірінің тарихи орындары Шірік-Рабат, Жанкент, ежелгі Сығанақ қалаларындағы қазба жұмыстары, табылған құнды жәдігерлер, тарихи орындарды сақтап қалу мәселелері сынды бірқатар ойды ортаға салды.

Жалпы, Арал маңының тарихы бірнеше мыңжылдықты қамтиды. Ежелгі заманнан бастап осы аймақта өмір сүрген халықтар Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, өзіндік шаруашылық пен мәдени типті қалыптастырады.

Сыр өңірінде мекен еткен сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары Қазақстан халқының этногенезінде ғана емес, Орта Азия, Орталық Азия және Еуропаның қазіргі халықтарының қалыптасуында да маңызды рөл атқарғаны белгілі.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археологтары осы тарихи орындарда Ресей Ғылым Академиясы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдарымен бірлесе отырып бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.

Археолог-ғалымдар бас қосқан жиын одан әрі секциялық жұмыстармен жалғасуда.