Қызылордада ғалымдар жастарға өлке тарихынан дәріс оқиды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде «Тарлан тарих тағылымы» атауымен өлкетану бағытында жаңа жоба қолға алынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара аясында тарихшы, өлкетанушы, мәдениеттанушы, саясаттанушы, этнограф, археолог пен жергілікті қоғам қайраткерлері жергілікті жоғары оқу орындарында өлке тарихы туралы дәрістер жүргізілмек. Шараны ұйымдастырушылар жоба негізінде ішкі туризмді дамыту мәселелері ескерілетінін жеткізді. Соның нәтижесінде ежелгі ескерткіштер, көне жәдігерлер, киелі орындарға арнайы сапарлар өткізіледі деп жоспарланған.

«Аталмыш игілікті шара негізінде салт-дәстүрлерді зерделеуге мән беріп отырмыз. Сол арқылы қазіргі таңда ел жадынан өше бастаған құндылықтар қайта жаңғыратын болады», - деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес.

Партиялық жоба шеңберінде «Төл мәдениет және руханилық», «Бірілік пен келісім», «Отбасы және дәстүр», «Зияткер ұлт» секілді құндылықтар бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, «Балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар» жобасының да болашаққа ұрпаққа беретін тәлімі мол болмақ. Бұл бағытта биыл 8, келесі жылы 16 мектепте ІТ-сыныптар ашу ойластырылған. Осы бағытта облыс аудандарында және қаладағы оқушылар үйінде осындай орындар жас өрендерге қызмет көрсететін болады.

Әділжан Үмбет