Бұл игі шара Халықаралық қарттар күніне орайластырылды. Кейуаналармен жүздесуге қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов те қатысты.
Қала басшысы алдымен биология ғылымдарының кандидаты, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер 87 жастағы Алма Ақдаулетованың отбасына барды. Тыл ардагерімен қаланың тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбіді. Қадірменді қария еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған. Кейіннен облыстық партия комитетінде қызмет атқарды. Облыстық Кеңес атқару Комитетінде жауапты хатшы, облпартком төрағасының орынбасары болды.
Қала басшысы Алма Танабайқызының аймақ дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ол кісінің ғибратты ғұмыры ұлағатты ұрпақтың өнегесіне айналатынын жеткізді.
Одан әрі қала басшысы 101 жасқа келген қазыналы қария Рахия Ақжанованың шаңырағына барды. Ғасыр куәсі болған аяулы ана Қазалы ауданы, Байқожа стансасында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы қой бағып, бейнетпен шыңдалған. Қазір де кілем тоқып, оны кіші келіндеріне үйретеді. Ардақты ана 2 бала тәрбиеледі. Олардан 25 немере сүйіп, 15 шөбере мен 13 шөпшегінің қуанышын көрді. Қала әкімі қазыналы қарияны мерекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеп, сый-құрмет көрсетті.
Қала тұрғыны Несібелі Піржанова биыл ғасыр тойын тойлады. Тұтас әулеттің мәуелі бәйтерегі 8 бала, 25 немере, 35 шөбере, 8 шөпшегіне тәлім-тағылымын үйретіп, өмір жолын өнеге етіп келеді. Мал шаруашылығында еселі еңбек еткен қарияның әлі де есте сақтау қабілеті жақсы.
Қариялармен кездесуде қала басшысы бүгінгі жарқын жетістіктер кешегі аға буынның, қазыналы қарттарымыздың еселі еңбегінің жемісі екенін айтып, жас ұрпақты адал еңбекке жетелеуде ақылы дария қариялардың бағдар болатынын жеткізді.