ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент елді мекенінде газ баллоны жарылып, екі адамды күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 1 маусымда кешкі сағат 20.30 шамасында болған. Үй алдындағы уақытша баспананың кіреберіс бөлмесінде 27 литрлік газ баллоны жарылған.
«Оқиға барысында үйдің иесі 55 жастағы әйел адамның денесінің 80 пайызын, алты жасар қыз баланың денесінің 50 пайызын күйік шалған. Олар Жаңақорған аудандық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада ауласында 10 тонна жанармай сақталған үйдегі өрт сөндірілді. Өрт әл-Фараби көшесі бойындағы үйде болды. Өртті сөндіруге 52 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.