Қызылордада Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған жиын өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мейірім мен аялы алақан иелерін құттықтады, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 - Қасиетті Жер-Ана бусанып, қар астынан алғашқы бәйшешектер бой жазатын, жер-дүние мейірлене түсіп, күн шуағымен арайланатын көктемнің әсем мерекесі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Шындығында, адамзат баласы үшін Анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан, әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Бұл мереке жақындаған сайын ер-азаматтар ақ жаулықты әжесіне, аяулы анасына, сүйген жарына, ардақты апа-қарындасына, сүйкімді қызына, қадірлі құрбысына не сыйласам деп терең ойға шоматын кезеңі басталады. Ыстық ықыласы ақтарылып, ізгі ілтипатын аямай көрсетеді. Әрине, Сіздер бір күн ғана емес, мәңгілік құрметке лайықтысыздар! - деді облыс әкімі.

Қ. Көшербаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы қыз-келіншектердің үлесінде.  Облыс экономикасының маңызды саласы шағын және орта бизнесте - 80  пайыз әйелдер.

"Бүгінгі кездесуге көпбалалы аналар, ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, бір сөзбен айтқанда еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға бар күш-жігерін салып еңбек етіп жүрген құрметті қыз-келіншектер, аяулы арулар жиналып отыр. Облыстағы барлық жетістіктерге сіздердің әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор",- деді өңір басшысы. 

 

    Мерекелік кеш одан әрі Сыр елі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.