Алғашқы оқиға бойынша 35 жастағы тұрғын күдікті болып отыр. Ол қала тұрғынынан «Атырау қаласындағы мұнай компаниясына туысқандарыңды жұмысқа орналастырып беремін» деген уәдемен 13 миллион теңгеден астам ақшаны алдап алған.
Екінші оқиғада қала тұрғыны алаяқтың арбауына түсіп, 7 миллион теңгесінен айырылып қалды. Оған облыстың 55 жастағы тұрғыны «Қазақмыс» мекемесіне балаңды жұмысқа орналастырып беремін» деп уәде берген.
«Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3, 4-бөлігі бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Департамент басшылығы облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін ұқыптылықты ұстануға көңіл бөлу қажеттігін назарға салады. Сондай-ақ, жоғары кепілдік кіріс уәдесіне сенбеу, ақша, бағалы заттар мен мүлікті күмәнді адамдарға немесе компанияларға тапсырмау керектігін ескертеді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бұған дейін Қызылордада алаяқтық жасады деген күдікпен полицейлер ұсталған болатын.