ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 1 маусымнан бастап «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшылары қоғамдық көлікте тегін жүретін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұрғындарды қабылдауында айтылды.
«Қызылорда тазалығы» кәсіпорнында 18 жылдан бері еңбек етіп етіп жүрген Гүлайым Қарғабаева қабылдау кезінде қоғамдық көлікпен жиі қатынайтынын, ол қалтаға едәуір салмақ салатынын айтып көмек сұрады.
Облыс әкімі «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшыларының еңбегі аса жауапты әрі қиын екенін алға тартты.
Бұл жөнінде қала әкімі Асылбек Шәменовке тапсырма берді.
Тазалық мекемесінің жұмысшылары енді 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру билетіне ие болмақ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.