ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қар қалың жауып қолайсыз ауа райы қалыптасты. Осыған байланысты Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі аралықта көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық полиция департаменті мәлім етті.
Департаменттің хабарлауынша, бүгін, 23 қаңтарда елорда уақытымен 12.15-тен бастап «Самара -Шымкент» автокөлік жолының 1912-2057 шақырымы аралығындағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
«Ол Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі аралықты қамтиды. Жүргізушілерге жолда абай болып, жол ережесін сақтауын сұраймыз. Жылдамдықты асырмай, қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттігі туралы ескертеміз», - деді аталған ведомстводан.
«ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК облыстық филиалының мамандары жолдың аталған аумағын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оған қажетті техникалар жұмылдырылуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.