ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында каналға суға батып кеткен 33 жастағы ер азамат пен 13 жастағы жасөспірімнің денелері бір күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Жаңақорған ауданына қарасты Көктөбе ауылы аумағындағы Келінтөбе каналында 27 маусымда сағат 14:12 шамасында болған. Шымкент қаласында тұратын 1988 жылғы ер азамат пен 2008 жылғы жасөспірім суға батып кеткен.
«Оқиға орнына жедел құтқару жасағынан 6 құтқарушы 1 техника, 1 үрлемелі қайық, 3 жинақ сүңгуір жабдығымен барды. Мамандар сағат 18.34-те іздестіру жұмыстарын бастады. Оған қоса моторлы қайықпен су бетінде іздестіру жүргізілді. Оған барлығы 13 адам қатысты», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Ведомство мәліметінше, іздестіру бүгін де жалғасуда. Мамандар 6.00-ден бастап іздеу шарасына қайта кірісті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 8 жасар ұл бала суға батып кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.