Қызылордада қаңтар оқиғасынан зиян шеккен кәсіпкерлердің шығыны есептеліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қаңтар оқиғасы кезінде зиян шеккен кәсіпкерлердің шығыны есептелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде кәсіпкерлер палатасына кәсіп нысандарына залал келгендігі жөнінде 49 қоңырау шалынған.

Оның ішінде кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру және шығынды анықтау бойынша 37 өтініш берілген.

Зиян келген мүліктің жалпы сомасы - 446 млн теңгеден асады.

«Қазірде шығын нақтыланып, 21 шағын және орта бизнес субъектісінің арызы тіркелді. Зиян келтірілген 29 нысанда 400 млн теңгеге жуықтайды. Оның ішінде мүліктік шығын – 8 млн теңгені шамаласа, тауар-материалдық шығын - 390 млн теңгеге жуық. Барлық өтініштер, ішкі істер органдарына жолданды. Ал 9 арызға қатысты қылмыстық қудалау органының қаулысы шыққан», - деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Өңірлердегі тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келген мүліктік зиянды өтеу қағидалары бекітілді.

«Қағида бойынша жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін өңірлік комиссияның шешімі негіз болады. Осыған сәйкес, 24 қаңтарда өңірлік комиссия құрылды. Оған жергілікті 20 адам мүшелікке енген. Мүліктік зиянды өтеу үш бағыт бойынша жүргізіледі. Бүлінген жылжымалы мүлік үшін, тауарлық-материалдық құндылықтар үшін, жоғалған жабдық үшін», - деді кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан.

Еске салсақ, Қызылорда облысында «Ashyq» жобасына қосылған нысандар жұмысына шектеулер алынып тасталды.