ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада қарақшылық шабуыл жасап, кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген 24 жастағы күдікті қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оны Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұстады. Ол қылмыстық топ құрамында болып, 2019 жылдың тамыз айының соңында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған болатын.
«Қылмыс барысында зергерлік бұйымдар мен 300 млн теңгеге жуық ақшаны жымқырған. Ал үй иесі ауыр дене жарақатын алып, ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 4-бөлігімен және 99-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тергелуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, өткен жылы тамыз айында кәсіпкерге шабуыл жасалған еді. Көп ұзамай қарақшылық қылмыс жасаған 5 адам ұсталды. Оларға қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.