Қызылордада қарақшылықпен көлік тартып әкеткендер жазаға тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен жергілікті тұрғынның көлігін қарақшылық жолымен тартып әкеткен екі бұзақы жазаға тартылды,

деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Оқиға былай болған. Қызылорда қаласына қарақшылық жасауды мақсат тұтып келген ақтөбелік екі жігіттің көзіне алдымен шетелдік көліктердің бірі түседі. Алдын ала келісім бойынша олардың бірі «Мерседес-240» маркалы автокөлікті жалдап, Шиелі ауданына барады. Олар сол жерде күтіп тұрған екі сыбайласымен Қызылордаға қайтады. Жолай жүргізушіні көлігінен алдап шығарып, ұрып талдырып тастаған олар машинаны жүргізушінің жеке мүліктерімен қоса алып, Оңтүстік Қазақстан облысына тартады. Ондағы ойлары автокөлікті ыңғайы келген бағаға сатып, ақша таппақ болған. Осында бой тасалап жүрген жерінде олар тәртіп сақшыларының қолына түсті.

Осы оқиғаға қатысты Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, ол Қызылорда мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот үкімімен қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған Б.Шынтаев - 10 жылға, Н.Бейсеков 8 жылға сотталды. Сотталушылардың шағымдары қанағаттан­ды­рылмай, бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз қалды.