Бұл оқиға Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылы аумағында болған. Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында табиғатқа елеулі залал келтірген тұрғындар қолға түсті. Олар мінген «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігін тексеру барысында 2 қарақұйрық, 33 құм қояны, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары заттай дәлел есебінде алынды.
«Осыған байланысты күдікті 32-33 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Жинақталған материал Жалағаш аудандық сотына жолданған. Жалағаш аудандық сотының үкімімен Н.Ж. мен Е.Х. азаматтарға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осы мерзімде олар пробациялық бақылауға алынған. Сондай-ақ, сотталушылардан мемлекет пайдасына 8 млн. 729 мың 978 теңге және келтірілген залал үшін 3 млн. 284 мың 378 теңге өндіруге үкім шығарылған. Соған орай «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігі, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары мемлекет пайдасына тәркіленді», - деп хабарлайды Қызылорда облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сәйкес қарақұйрық аңы - жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесінде бар. Оған қоса Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.